
Бүгін активтерді қайтару жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов атқарылған жұмыс бойынша есеп берді.
«Тұтастай алғанда бүгінгі таңда мемлекетке ортақ күш-жігермен 760 млрд теңгеден астам сомаға активтер қайтарылды. Оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 млн доллар бар», — деді ол.
Оның айтуынша, Жоғарғы Сот бұрын негізсіз олигополия субъектілерінің пайдасына шығарылған шешімдерді де кері қайтарды.
«Бас Прокурордың 24 наразылығын қанағаттандырды. Мысалы Алматы ауыр машина жасау зауытының 31% акциясын жекешелендіруді заңсыз деп тану туралы сот шешімі қабылданды. Басқа жағдайда Жоғарғы Соттың қаулысы астаналық «Думан» қонақ үй кешенінің иелерінен 1,3 млрд теңге өндіріп алуға мүмкіндік берді», — деді Бас прокурор.



