
Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментінде 6 жасар баланы құтқарған оқушылар марапатталды.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің бұйрығымен Рамазан Аманкелдиев пен Ердәулет Шыңғысхан баланы құтқарғаны үшін алғыс хатпен марапатталды.
Оқиға 10 мамыр күні Шымкент қаласының Игілік тұрғын алабындағы Бадам өзенінде болған.
Бадам өзеніне шомылуға келген бір топ бала кішкентай бүлдіршіннің суға батып кеткенін айтады.
«Рамазан Аманкелдиев құтқарылған бүлдіршіннің іші ісіп, өзі көгеріп келе жатқанын байқайды. Тез арада реанимациялық іс-әрекеттер жасайды. Ол шаршаған соң қасындағы Ердәулет Шыңғысхан әрі қарай жалғастырады. Тоқтаусыз жасаған әрекеттер нәтижесін берді. Жас баланың ауызынан су шығып, демала бастайды. Өзіне келген бала не болғанын түсінбей жылайды. Мұны көрген Рамазан мен Ердәулет қуанып кетеді. Осылайша дер кезінде екі жасөспірімнің алғашқы көмегінің арқасында кішкентай бала аман қалды», – делінген хабарламада.



