
Сенбіден бастап Қазақстанда жәрдемақы көлемі өседі, орманшылардың еңбекақысы көбейеді. Қазақстандықтарды жағымсыз жаңалықтар да күтіп тұр: газ, жылу тарифтері, электр энергиясы қымбаттайды.
1 шілдеден бастап елімізде электр энергиясының тарифтері өседі. Энергетика министрлігі дайындаған құжатта қымбаттау алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындықпен байланысты екені түсіндірілген. Өйткені отынның құрамдас бөлігі 17% деңгейіне дейін қамбаттауы болжанып отыр. Соған сай кейбір өңірлерде 10 пайыздан басталып, 30 пайызға дейін көтерілуі мүмкін.
Сонымен қатар тарифті өсіру есебінен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығында еңбек ететін дәнекерлеуші, сантехниктердің еңбекақысын көтеру қажеттігі ескерілмек.
Сонымен қатар дәл осы күннен бастап Алматылық тұрғындар үшін жылу бағасы 20 пайызға көтеріледі. Халық үшін жылумен жабдықтау қызметтері құнының өсуі 20% – 5 839,23 теңгеден 7 007,08 теңгеге дейін/Гкал, бизнес үшін 30% – 12 870,44 теңгеден 16 731,57 теңгеге дейін/Гкал құрайды. Негізгі жүктеме бюджеттік ұйымдарға жүктеледі, мөлшерлеме 36% -ға — 25 698,42 теңгеден 34 971,84 теңгеге/Гкал-ға дейін ұлғаяды.
Шілде айынан бастап елімізде автогаз бағасы өседі. Алайда бұл Павлодар мұнай-химия зауытында болатын жоспарлы жөндеуге байланысты емес. Министрліктің шешіміне қандай да бір жолмен сұйытылған газбен айналысатын өндіруші компаниялар, қайта өңдеу зауыттары, логистикалық компаниялар, сақтау парктері әсер еткен.
Экономикалық рентабельділікке сәйкес, бүкіл әлемде бензин мен сұйытылған газ арасындағы құнның айырмашылығы 30% болуы тиіс, ал Қазақстанда бүгінгі күні ол 70%-ға жетеді. Көрші елдерде де автогаз Қазақстандікінен қымбатырақ. Ресейде оның құны литріне 120 теңгеге жуық, ал Өзбекстан мен Қырғызстанда 200 теңгедей.
Соған байланысты 1 шілдеден бастап көтерме баға 20%-ға қымбаттайды. Әрі бөлшек сауда бағасының 4-6 теңгеге өсуіне әкеледі.



