
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8-9 мамыр күндері Ресейге жұмыс сапарымен барады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің Facebook парақшасында жазды. Бұл жөнінде Erkinsoz.kz тілшісі хабарлайды.
“Президент Тверь облысындағы Ржев мемориалына барып, 100-ші және 101-ші атқыштар дивизияларының құрамында шайқасып, қаза тапқан қазақ жауынгерлерінің рухына тағзым етеді. Ржев шайқасы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ең ірі ұрыстардың бірі саналады”, – деді ол.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Трубино деревнясындағы бауырластар зиратына барады. Онда Президенттің әкесінің ағасы Қасым Болтаев та жерленген. Ржев түбіндегі шайқасқа Қазақстаннан 22 мыңға жуық сарбаз бен офицер қатысты.
“Қасым-Жомарт Тоқаев 9 мамыр күні Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығына арналған парадқа қатысады”, — деді Руслан Желдібай.
Бұл шараға Ресей тарапы ТМД-ға мүше елдердің басшыларын шақырған.
Бұған дейін Президент Жарлығымен екі Ұлы Отан соғысы ардагеріне “Халық қаһарманы” атағы берілгенін хабарлаған болатынбыз.



