
Жаз басталғалы елімізде балалар лагеріне қатысты шулар көбейіп кетті. Жақында Алматыда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың балалары лагерьге тегін жолдама алған еді. Алайда сауна ғимаратынан ашылған лагерь ата-аналардың ашуына тиді. Өз кезегінде Алматы қалалық білім басқармасы келеңсіз жайтты жою үшін қажетті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді. «Білім басқармасының қызметкерлері ата-аналардан шағым түскен соң шұғыл түрде «Арман» саяжайына барды. Білім басқармасы бұл ұйыммен келісім-шартты бұзу мәселесін қарастырады. Қазір балалар үйді-үйіне таратылып жатыр. Жақын арада олар бекітілген ережелерді қатаң сақтайтын балалар лагерьлерге қайта жіберіледі.
Осыған орай ҚР Балалар омбудсмені Динара Закиева былай дейді.
«…Қазақстанда 120 мемлекеттік, 98 жеке меншік, 900 шатырлы және 9,5 мың мектеп жанындағы лагерь қызмет көрсетеді. Қазір лагерь ашу үшін СЭС мен ТЖД-нен рұқсат қағазын алу қажет.
Жағдайлары сұмдық, әрі талаптарға сай келмейтін бұндай жеке меншік ұйымдардың олардан қалайша рұқсат ала алғаны сұрақ тудырады.
Алды ма?
Өйткені, анықталғандай, СЭС рұқсат қағазынсыз жұмыс істеп жатқан лагерьлер де бар.
Тиісінше, сұрақ конкурс өткізу рәсіміне қатысты. Бұл үшін жауапкершілікке тарту қажет деп санаймын, тиісті сұрау салдым.
Сонымен қатар, бұған дейін айтқанымдай, бұл – жүйелі мәселе. Бүгінде балаларға арналған ұйымдар жұмысының бірыңғай стандарт-талаптары, оларды заңнамалық тұрғыдан реттеу жоқ. Тексеріске мораторий тұр. Балабақшаларға, дамыту, түзету орталықтары сияқты түрлі мекемеге қатысты арыз, шағымдар көп түсіп жатыр.
Осы мәселені шешу мақсатында қазір біз мемлекеттік органдармен пысықтап жатқан нормалардың ішінде мораторийді алып тастау туралы, қызмет көрсетуге рұқсат беруді реттеу туралы және балаларға арналған барлық мекемеге бірыңғай стандарттар мен ережелер енгізу туралы норма бар. Бұл ұсыныстарды күзде Парламентке жібермекпіз…» — дейді балалар омбудсмені.



