
Премьер-министр Әлихан Смайылов жазғы демалыс кезеңінде балаларды сауықтыру шаралары көптеген өңірде тек формалды түрде өтетінін назарға алды. Тіпті ала жаздай ауыл балалары еш секциясыз салпаңмен жүретініне тоқталған.
«Бірнеше күннен кейін кезекті оқу жылы аяқталып, балалар жазғы демалысқа шығады. Оны пайдалы әрі қызықты өткізгісі келеді. Сондықтан біз бала денсаулығын нығайтуға, білімдерін толықтырып, жақсы демалуына жағдай жасауымыз керек. Бірақ әсерлі, мағыналы іс-шаралар аз. Көбіне сапасы сын көтермейді. Ауыл балаларына да қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді«, — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру кезінде көптеген маңызды мәселелерді ескеру қажеттігін айтты. Әсіресе, балаларға арналған бұқаралық іс-шаралар, соның ішінде қорытынды емтихандар бекітілген кестеге сәйкес сапалы өтуі тиіс.
Тіпті балалардың спорт секцияларына және шығармашылық үйірмелерге тегін баруына мүмкіндік беру үшін жергілікті бюджеттен 93 млрд теңге бөлінген. Оқушыларға арналған 50 сауықтыру лагерін, 100 инновациялық шығармашылық орталығын салу бойынша жұмыстар басталып кетті. Бұл нысандардың құрылысы 2026 жылы аяқталуы қажет.



